Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру үшін «Келешек мектептері» жобасына бастамашы болды. Осы бағытта Түркістан облысында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Келес ауданы, Абай ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. №65 жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте спорт залы, мәдениет залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебі» салынып жатыр. Оның ішінде өткен жылы – 13, биыл 10-нан аса мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жоспар толық орындалмақ.








Добавить комментарий