Бүгінгі таңда жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында студенттерге арналған маңызды жиын ұйымдастырылды. Іс-шараны оқу орнының тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы ашып, жиынның мақсаты мен маңыздылығын түсіндірді.
Жиынға қаржы және құқық саласының білікті мамандары шақырылды. Олар, Марат Өтегенов – Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі, Руслан Ботабаев – «Қазақстан халық банкі» акционерлік қоғамының арнайы өкілі, Қабыл Сұлтан Абзалұлы – Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкері, Жұрын Әсемай – Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының психологы.
Сала мамандары студенттерге бүгінгі таңда қоғамда кеңінен таралған қазіргі алаяқтықтың түрлері жайлы жан-жақты әңгімелеп берді. Жиынның басты тақырыбының бірі – алаяқтардың жастарды құрбан ететін жаңа схемалары болды. Әсіресе, «дроппер» алаяқтық схемасына ерекше назар аударылды. Мамандар бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін және жасөспірімдердің неге оңай құрбан болатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Ұялы телефон арқылы несие алып, алаяқтардың құрбаны болып жатқан адамдардың саны аз емес екені де айтылды. Студенттерге мұндай жағдайлардан сақтану үшін абай болу қажеттігі баса айтылды.
Басқосу барысында түрлі бейнежазбалар көрсетіліп, қоғамдағы қаржылық қауіптер мен алаяқтық тәсілдер туралы толық ақпарат берілді. Бұл визуалды материалдардан құралған ақпараттар студенттердің жадында тиімді сақталуына орасан септігін тигізері сөзсіз.
Кездесудің маңызды бөлігі әсіресе, Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының психологы Жұрын Әсемай ұйымдастырған психологиялық тренинг болды. Психолог маман, психологиялық тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын, қаржылық қиындықтар туындаған кездегі депрессиялық жағдайларға тап болған кезде кәсіби мамандардың қолдауына жүгінудің ерекшілігіне тоқталды.
Жалпы, бұл жиын студенттер үшін аса пайдалы болды. Олар қаржылық қауіптер туралы тереңірек білім алып, өздерін алаяқтықтан қалай қорғау керектігін түсінді. Мұндай іс-шаралар жастардың болашаққа саналы қадам жасауына және қаржылық тәуелсіздікке жетуіне үлкен септігін тигізеді.








Добавить комментарий