Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Шымкент қаласына гастрольдік сапармен келді. Труппа көрермен назарына драматург Қолғанат Мұраттың «Ұстаз» атты әсерлі қойылымын ұсынды. Қойылымда ұстаздың қоғамдағы орны, шәкірт тәрбиесіндегі еңбегі мен рухани жауапкершілігі көрініс табады. Режиссердің ерекше шешімі мен актерлердің шынайы ойыны көрермен жүрегінен орын алды.
«Ұстаз» қойылымы – тек білім беруші жайлы емес, өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін тұлға жайлы драма. Шығармада ұстаздың кәсіби жолы ғана емес, оның адами болмысы, ішкі жан дүниесі, өмірдегі таңдаулары мен күрестері бейнеленеді.
Басты кейіпкер Айдана Айдарбекқызы — өз ісіне адал, әділдік пен адамгершілікті ту еткен мұғалім. Ол шәкірт тәрбиелеу барысында қоғамның түрлі көзқарасына, замана қиындықтарына тап болады. Бірақ бәрінен кәсібилігі жағынан жоғары тұрып, адамдық пен рухани тазалықты сақтап қалады.
Шымкент қалалық орыс драма театрында өткен қойылымға көрермен көп жиналып, зал лық толды. Қойылым көрерменнің жүрегіне терең еніп, ерекше әсер сыйлады. Жетісай театрының кезекті гастрольдік сапары — өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, рухани өмірге жаңа серпін берді. «Ұстаз» – жай ғана қойылым емес, өмір сабағы. Ол көрерменге ұстаз еңбегінің ұлылығын, адамдық қасиеттің мәңгілік құндылығын ұғындырады. Театрдың бұл туындысы — рух пен сезім тоғысқан әсерлі сахналық дүние.







Добавить комментарий