Шымкент қаласында садақ атудан Қазақстан кубогінің финалдық кезеңі өтуде. 6–10 қараша аралығында өтетін жарысқа еліміздің сегіз өңірінен іріктелген 64 спортшы қатысуда. Биылғы маусымның алғашқы үш кезеңі Шымкент, Талдықорған және Орал қалаларында өткен. Финал қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, үздік спортшылар Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ермек Дарменовтың айтуынша, биылғы жарыстың форматы ерекше. Қазақстан кубогі үш кезеңнен тұрды. Сол үш кезеңнің нәтижесі бойынша үздік сегіз спортшы ғана финалға жолдама алды. Финалда әр спортшы жекелей атылып, нәтижесінде төрт үздік мерген іріктеледі. Ал финалдың соңғы кезеңінде бұл төртеуі өзара кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын болады. Жарысқа қатысушылардың бірі — Жетісу облысынан келген Адель Әлібекқызы. Ол садақ атумен 15 жыл бойы айналысып келеді. Адель жуырда Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында командалық есепте үшінші орын алған. Айтуынша, дайындық жақсы деңгейде, ал бұл жолғы мақсат — алтын медаль иелену.Қазақстан құрамасының бас бапкері Бауыржан Жолдыбаев қазіргі өтіп жатқан финалды маусымның ең маңызды кезеңі деп атап өтті. Айтуынша, бұл жарысқа еліміздің барлық өңірінен ең мықты садақшылар жиналған. Финал қорытындысы бойынша Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталмақ. Ұлттық құраманың капитаны Ильфат Абдуллин садақ атумен айналысып келе жатқанына 16 жыл болғанын айтады. Ол 2015 жылдан бері Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында, яғни осы салада он жылға жуық тәжірибесі бар. Ильфаттың айтуынша, садақ ату — ерекше сабыр мен ойлау қабілетін қажет ететін спорт түрі. «Бұл — адамды өзін-өзі тәрбиелеуге, зейін мен төзімділікті дамытуға үйрететін спорт. Менің мақсатым — жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жету», — дейді ұлттық құраманың капитаны. Садақ ату — дәлдік пен сабырдың сынға түсер тұсы. Бүгінде бұл спорт елімізде кең қанат жайып, жас спортшылардың жаңа буыны қалыптасуда. Осындай жарыстар ұлттық рухты күшейтіп, ел намысын әлемдік ареналарда қорғауға жол ашады.








Добавить комментарий